Аягөз филиал қоры бірегей жәдігерлермен толықты
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Абай облысы мемлекеттік архиві» КММ-нің Аягөз филиалы қоры бірегей жәдігерлермен толықты: Ұлы Отан соғысының ардагері Рыскелды Саманбетовтің жеке тектік құжаттары мемлекеттік сақтауға қабылданды.
Батырдың ұрпақтары отбасылық қазынаны — майдангердің көзі тірісінде ұстаған құжаттары мен қолжазбаларын архивке мәңгілік сақтауға тапсыру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам — өткен тарихқа деген құрмет пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі.
Жеке тектік құжаттар — тарихтың ең шынайы және «жанды» бөлігі. Ресми құжаттар соғыстың стратегиясын көрсетсе, Рыскелды Саманбетов сияқты майдангерлердің жеке деректері сол кезеңнің рухын, адамдық қасиетін және қайсарлығын паш етеді.
Құжаттарды архивке өткізу — олардың сандаған жылдар бойы сапалы сақталуының кепілі. Рыскелды атамыздың мұрасы енді тек бір отбасының ғана емес, бүкіл халықтың игілігіне айналды. Біз бұл жәдігерлерді зерттеушілер мен келешек жастар үшін көздің қарашығындай сақтаймыз!
Рыскелды атамыздың артында өшпес мұрамен бірге, оның есімін мақтанышпен иеленген өнегелі ұрпағы қалды. Анамыз Маңлық екеуі саналы ұрпақ тәрбиеледі. Бүгінде майдангердің 6 баласы мен олардан тараған немерелері, шөберелері ата жолын лайықты жалғастырып келеді. Дәл осы ұрпақтарының бастамасымен батырдың жеке заттары мен құжаттары мемлекеттік ұлттық қорға өткізілді. Олардың айтуынша, бұл құжаттар тек әулиеттің ғана емес, бүкіл елдің тарихы. «Атамыздың әрбір жазбасы мен суреті біз үшін қасиетті жәдігер. Енді бұл мұра архив сөрелерінде заңды түрде сақталып, келешек жастардың зерттеуіне, тағзым етуіне жол ашады»,-дейді ардагердің ұрпақтары.
Саманбетов Рыскелды «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерең еңбегі үшін» медалімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен, «1941-1945 жылдардағы «Ұлы Отан соғысы жеңісінің 20,50 жылдық мерейтойына арналған» мерекелік медальдармен марапатталған.
Саманбетов Рыскелдының жеке тектік құжаттарын Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Абай облысы мемлекеттік архиві» КММ-нің Аягөз филиалына баласы Саманбетов Айбол Рыскелдыұлы өз еркімен сақталымға табыс етті.