«Бір шаңырақ астында» мерекелік іс-шара
Бүгін біздің архивте 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған жарқын әрі әсерлі мерекелік іс-шара өтті. Мереке аясында ұйымдастырылған «Бір шаңырақ астында» атты шығармашылық сайыс әріптестерімізді бір үлкен де тату отбасы ретінде біріктірді.
Архив — бұл жай ғана құжаттар қоймасы емес, бұл — түрлі халықтардың тағдыры мен мәдениетінен сыр шертетін тірі тарих. Бүгін сол тарихи жады мерекелік үш ауыл бейнесінде қайта жаңғырды:
«Шежірелі ауылы» (Қазақ мәдениеті) — бабалар аманаты мен ұлттық құндылықтардың тереңдігін көрсетіп, бай мұрамызды паш етті.
«Шайхана» (Өзбек мәдениеті) — шығыстың қонақжайлылығымен, жарқын бояуларымен және мерекелік палаудың хош иісімен баршаны тәнті қылды.
«Трактир» (Орыс мәдениеті) — самовары қайнаған, каравайы майланған дастарханымен және жанға жайлы әндерімен жылылық сыйлады.
Сайыс қорытындысы бойынша достық жеңіп, барлық қатысушылар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Кәсіподақ комитетінің атынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Ең үздік костюм», «Ең үздік нөмір» және «Ең үздік тағам» номинациялары бойынша ерекше көзге түскендер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл күн біздің күшіміз – бірлікте екенін, ал архив — әр ұлттың тарихы махаббатпен және құрметпен сақталатын қасиетті мекен екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.