Өскемен қаласының
Білім беру бөлімінің
Ресми сайты

Ән жырым сенсің-туған жер!

Наурыздың 14 күні Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 мектепте жерлес сазгерлеріміздің туған жерге арналған әндерін насихаттау, жастардың ән арқылы туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық тәрбие беру мақсатында «Ән жырым сенсің-туған жер!» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылды.

Елбасымыз  жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткен тарихымыз бен болашағымыздың арасындағы алтын көпір. Бағдарлама аясында өткізілген шараның мәні оқушылардың туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыра түскендей.

Көңіліміздің төрінен орын алған өшпес бейне – туған жерге деген ыстық махаббатымызды біріміз жырмен, біріміз қара сөзбен, біріміз әсем әнмен, біріміз күмбірлеген күймен жеткізуге тырысарымыз хақ. Мүмкін бұл жүрек жарды алғашқы өнер туындымызды туған жерімізге арнағанды перзенттік борышымыздай көретіндігімізден болар?! Сондықтан да жүрек тебірентерлік «Жер – адамның анасы немесе Алтай термесі», «Ертісім», «Тарбағатай таулары», «Ұланым», «Туған жер», «Марқакөлім», «Күршім сазы», «Самар вальсі», «Өскемен», «Шығысым» сияқты әндер туды.

Туған жерге деген сағынышын, перзенттік борышын әуелеген әсем әнімен жеткізе білген біздің өнер тарландарымыз – жерлестеріміздің есімдері біз үшін зор мақтаныш. Олардың қатарында «Шығыстың Шәмшісі» атанған Оралхан Көшеров, Қайырбек Оразбеков, Арыстанбек Какиев, Төлеухан Әбедимов, Болат Әшірбаев, Серік Бабаханов сияқты тұлғалар бар.

Облысымыздың әр өлкесінің «әнұранына» айналған әдемі әндердің тарихынан сыр шертіліп, кеш қонақтары сазгерлер мен әнші аға буын әуелете шырқап берді. Шырайлы Шығыстың өнер тарландары сазгер, ақын, әнші, бір сөзбен айтқанда киелі өнерді бойына сіңірген ағаларымыз – Есмұрат Қыдырмаолдаұлы, Қайырбек Оразбеков, Серік Бабаханов, Болат Хамзин, Нұртай Тілеужанұлы, Ерлан Болатұлы айтқан әндер оқушыларымызға рухани азық болғаны сөзсіз.